Алматыдағы пәнаралық кеңес: Еуропа және Орталық Азия сарапшылары D дәрумені тапшылығын емдеудің жаңа тәсілдерін талқылады

Алматыда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Польшаның жетекші мамандары қатысқан пәнаралық сарапшылар кеңесі аясында D дәрумені тапшылығының алдын алу және емдеу тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Іс-шараны Polpharma Santo компаниясы ұйымдастырды. Қатысушылар өзекті ғылыми деректерді талқылады, клиникалық тәжірибе алмасты, сондай-ақ клиникалық зерттеулер деректері мен әлемдік тәжірибені талқылап, D дәруменіне қатысты мөлдір профилактикалық және емдік тәжірибенің негізі бола алатын әрі денсаулықты жақсартатын бірыңғай ұсынымдармен жұмыс істей бастады.

Кездесу барысында сарапшылар маңызды тақырыптарды қозғады: D дәрумені науқастың денсаулығына қалай әсер етеді, оның тапшылығы әр түрлі жас топтарында қаншалықты жиі кездеседі, D дәрумені тапшылығының алдын алу мен емдеуде ББҚ-лар мен дәрі-дәрмектердің айырмашылығы қандай, D дәруменін қалай дұрыс әрі қауіпсіз тағайындау керек? Сондай-ақ D дәрумені тапшылығының алдын алу және емдеу үшін тек тіркелген дәрілік формаларды қолдану қажеттілігіне баса назар аударылып, дәрі-дәрмек пен ББҚ-лардың айырмашылығы талқыланды. Дұрыс және қауіпсіз дозалау мәселелері де кәсіби диалогтың маңызды бөлігіне айналды.

Қазақстандық жыныстық және репродуктивтік денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры, акушер-гинеколог, PhD Галина Гребенникова пәнаралық тәсілдің маңыздылығын атап өтті.

"D дәруменінің тапшылығы жыныстық гормондардың түзілуіне айтарлықтай әсер етеді, бұл бедеулік және поликистоздық аналық без синдромы сияқты бұзылуларға әкелуі мүмкін. Бұл синдромға, сонымен қатар клиникалық көріністі нашарлататын семіздіктің өте жиі кездесуі тән. Кеңес сарапшыларының халықаралық ұсыныстарды әзірлеуі дәрігер-әріптестеріміздің жұмысын жеңілдетуге және оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.

Кеңеске аралас медициналық мамандықтар өкілдерінің қатысуы маңызды, себебі әйелге көбінесе гинекологтың ғана емес, эндокринологтың да кеңесі қажет. Ұсыныстарымыз қайшы келмеуі үшін бірауыздан ортақ пікірге келу маңызды", - дейді Галина Гребенникова.

Дәрігер, зерттеулерге сәйкес, D дәруменінің тапшылығы мекендеу өңіріне қарамастан, Қазақстан үшін күрделі мәселе болып отырғанын да сөз етті.

"Бұрынырақта D дәрумені рахиттің алдын алу үшін маңызды екені айтылып келсе, бүгінде жалпы денсаулық үшін D дәруменінің белгілі бір деңгейін сақтау қажеттілігі жөнінде дәлелдер көбейіп келеді. Біздің міндетіміз - тағайындалған терапияның тиімді әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету", - деді Гребенникова.

М.ғ.к, жоғары санатты дәрігер, Репродуктивтік медицина институтының акушер-гинекологы Әсел Жайымбетованың да ұстанымы Гребенникованыкіне ұқсас болып шықты.

"D дәруменінің тапшылығы жалпы денсаулыққа ғана емес, ең алдымен репродуктивтің денсаулыққа әсер етеді. Оның жеткіліксіздігі, өкінішке қарай, бала көтеру процесіне әсер етеді. Жеткіліксіздік жағдайында болған жүктілік кезінде жүктілікті жалғастыру тұрғысынан мәселелер туындап, түсік тастау қаупі туындайды. D дәрумені әйелдердегі аналық жасушасы мен ерлердегі ұрықтың сапасына әсер етеді", - дейді дәрігер.

Әсел Пернебайқызы статистикалық мәліметтерге сәйкес, созылмалы дертке шалдыққан науқастардың 60 пайызында D дәруменінің тапшылығы анықталатынын алға тартты. Оның үстіне, тіпті клиникалық сау адамдардың жартысына жуығы оның жеткіліксіздігіне тап болады.

Сондай-ақ ол D дәрумені тапшылығы науқастың жасына байланысты екенін атап өтті – тапшылыққа көбіне 18 жасқа дейінгі балалар мен 75 жастан асқан адамдар душар болады.

“Мұндай кездесулер өте маңызды әрі өзекті, себебі олар тәжірибемізді бөлісіп қана қоймай, сонымен қатар басқа елдердің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік береді, бұл барлық мамандық дәрігерлері үшін анықтамалық болатын клиникалық хаттамалар мен ұсыныстарды әзірлеуге де пайдалы”, - деп түйіндеді сөзін Әсел Жайымбетова.

Polpharma Santo өкілінің айтуынша, D дәрумені тапшылығының эпидемиологиялық маңыздылығы күн санап артып жатқан бүгінгі таңда науқастарға тиімді әрі қауіпсіз терапияны қолжетімді ету маңызды.

“Мұндай нәтижеге тек клиникалық сынақтан өткен және дәрігердің бақылауымен тағайындалған тіркелген дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады”, - деп атап өтті Polpharma Santo компаниясы зерттеу және әзірлеу бөлімінің басшысы Инна Блажнова.

Кеңес мүшелері Қазақстандағы D дәруменінің тапшылығы күрделі мәселеге айналып, жүйелі шешімді қажет етеді деген ортақ пікірге келді. Дәрігерлерге тапшылықты дұрыс диагностикалауға, алдын алуға және емдеуге көмектесетін бірыңғай ұлттық ұсыныстар жасау ұсынылды. Сарапшылар, сонымен қатар дәрі-дәрмек пен биологиялық қоспаларды ажырата білу маңызды екенін атап өтті, себебі тапшылықты тек дәрігердің бақылауымен және ресми тіркелген дәрі-дәрмектерді қолдану арқылы жоюға болады.

Одан бөлек сарапшылар D дәруменінің деңгейін анықтауды жүктілікке дайындық кезінде, жасөспірім шақта, репродуктивтік денсаулықта кінәрат бар кезде және менопауза кезінде міндетті тексерулерге енгізуді ұсынды.

Дереккөз: https://kaz.nur.kz/health/healthcare/2269621-almatydagy-panaralyq-kenges-europa-zhane-ortalyq-aziia-sarapshylary-d-darumeni-tapshylygyn-emdeuding-zhanga-tasilderin-talqylady/

Бұл қызықты болуы мүмкін