Қазақстанда 2-түрлі қант диабеті бойынша клиникалық зерттеу басталады

Қазақстанда 2-түрлі қант диабеті бар пациенттерде дапаглифлозинді күнделікті клиникалық практика жағдайында қолдануға арналған «РЕАЛИСТ» атты клиникалық байқаулық зерттеу басталады. Жоба Polpharma Santo компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады.

Жобаның ресми ашылуы Алматы қаласында өтетін зерттеу тобының кездесуінде жарияланады. Іс-шара еліміздің жетекші эндокринологтарын, клиницистерін және денсаулық сақтау саласының сарапшыларын біріктіреді. Қатысушылар зерттеу дизайнын, оны іске асырудың негізгі кезеңдерін және пациенттерді жүргізудің практикалық аспектілерін талқылайды.

«РЕАЛИСТ» зерттеуі нақты клиникалық тәжірибеден алынатын деректерді жинауға бағытталған. Мұндай деректер дәрігерлердің күнделікті жұмысын шынайы көрсетіп, терапияның тиімділігі мен қауіпсіздігін объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Зерттеу Қазақстанда заманауи дәрілік препараттарды өндіруді жергіліктендіру үдерісінің қарқынды дамуы аясында жүргізілуде. Polpharma Santo компаниясы 2-түрлі қант диабетін емдеуге арналған инновациялық препарат дапаглифлозин өндірісін Шымкент қаласындағы өндірістік алаңда іске қосу бастамасын табысты жүзеге асырды. Өндіріс Еуропалық Одақтың GMP стандарты бойынша сертификатталған алаңда жүргізіледі, бұл өнімнің жоғары сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Осындай препараттарды жергіліктендіру пациенттер үшін заманауи терапияның қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстанның фармацевтикалық тәуелсіздігін нығайтуға және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді.

Кеңірек ауқымда компания жергілікті өндірісті дамыту стратегиясын іске асырып, диабет, онкологиялық және жүрек-қантамыр аурулары секілді әлеуметтік маңызы бар дерттерді емдеуге арналған препараттарды одан әрі жергіліктендіруді жоспарлап отыр. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық фармацевтикалық саланың дамуына серпін береді.

«Бүгінде нақты клиникалық тәжірибеге негізделген зерттеулер ерекше маңызға ие. Олар терапияның әртүрлі пациент топтарында қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге және емдеу барысында анағұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», — дейді медицина ғылымдарының кандидаты, «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» АҚ эндокринология кафедрасының меңгерушісі, ҚР ДСМ штаттан тыс бас эндокринологы Даньярова Л. Б.

Зерттеудің басталуы Қазақстандағы дәлелді медицинаны дамыту мен жергілікті ғылыми базаны нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады. Жоба сондай-ақ еліміздің жаһандық медициналық қауымдастықтағы рөлінің артып келе жатқанын және созылмалы ауруларды емдеудің заманауи тәсілдерін қалыптастыруға қосып отырған үлесін көрсетеді.

Жоба аясында клиникалық зерттеулердің халықаралық стандарттарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, пациенттердің қауіпсіздігі, үдерістердің ашықтығы және деректер сапасы басты басымдықтардың бірі болады.

Сарапшылардың пікірінше, «РЕАЛИСТ» зерттеуінің нәтижелері медициналық көмектің сапасын жақсартуға елеулі үлес қосып, диабетті емдеуде дербестендірілген тәсілдерді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Дереккөз: https://nazarmedia.kz/kazakstanda-2-turli-kant-diabeti-bojynsha-klinikalyk-zertteu-bastalady/

Бұл қызықты болуы мүмкін